Мұрағатқа оралу
KZ · Шығарылым 4 · 2025

1 ЖӘНЕ 2 ТИПТІ ҚАНТ ДИАБЕТІ КЕЗІНДЕГІ ПЕРИНАТАЛДЫ МЕЗЕНХИМАЛДЫ БАҒАНАЛЫ ЖАСУШАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖАСУШАСЫЗ ӨНІМДЕРІ: ЖҮЙЕЛІ ШОЛУ

Аңдатпа

Кіріспе. 1 және 2 типті қант диабеті (ҚД) аурушаңдық пен өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі болып қала береді, ал науқастардың едәуір бөлігі қазіргі заманауи фармакотерапия аясында да HbA1c-тың нысаналы деңгейлеріне жете алмайды. Перинаталды мезенхималды бағаналы жасушалар (МБЖ) және олардың жасушасыз туындылары айқын иммуномодуляциялық және трофикалық әсерлерге ие және диабет ағымын модификациялаудың болашағы зор тәсілі ретінде қарастырылуда. Мақсаты. Перинаталды МБЖ қолданылған ҚД 1 және ҚД 2 кезіндегі клиникалық деректерді жүйелендіру және диабет пен оның асқынулары кезінде перинаталды МБЖ-ның жасушасыз өнімдері (экзосомалар, шағын жасушадан тыс везикулалар, секретом, кондицияланған орта) бойынша доклиникалық нәтижелерді қорыту. Материалдар мен әдістер. Жүйелі шолу PRISMA 2020 ұсынымдарына сәйкес орындалды. Іздеу 2000 жылғы қаңтардан 2025 жылғы 3 қазанға дейінгі кезеңде негізгі халықаралық биомедициналық дерекқорларда тілдік шектеусіз жүргізілді. ҚД 1/ ҚД 2 бар науқастарға перинаталды МБЖ немесе олардың жасушасыз туындылары қолданылған және диабетке бағытталған нәтижелері бар клиникалық зерттеулер, сондай-ақ диабет модельдерінде перинаталды экзосомалар, жасушадан тыс везикулалар, секретом немесе кондицияланған орта пайдаланылған доклиникалық жұмыстар енгізілді. Нәтижелер. Шолуға 14 зерттеу (6 клиникалық, 8 клиникаға дейінгі) енгізілді. Рандомизацияланған зерттеулердің мета-талдаулары перинаталды көздерді қоса алғанда, МБЖ-терапия HbA1c-ты шамамен 1 пайыздық пунктке төмендететінін, инсулин дозасын азайтатынын және С-пептид деңгейін арттыратынын, бұл ретте ауыр жағымсыз құбылыстардың жиілігі өспейтінін көрсетті. ҚД 2 кезінде перинаталды МБЖ қолданылған клиникалық зерттеулер HbA1c-тың 1–3%-ға төмендеуін және инсулинге қажеттіліктің 30– 50%-ға азаюын, сонымен қатар инсулинге резистенттілік көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетті. Доклиникалық жұмыстар перинаталды экзосомалар, шағын жасушадан тыс везикулалар және секретом инсулинге резистенттілікті жақсартатынын, β-жасушаларды қорғайтынын, диабеттік жаралардың жазылуын жеделдететінін және нефро-, ретинопротективтік әсер қамтамасыз ететінін көрсетті. Қант диабеті кезінде перинаталды жасушасыз өнімдерге арналған клиникалық зерттеулер іздеу сәтінде анықталған жоқ. Қорытынды. Перинаталды МБЖ, ең алдымен UC-MSC, клиникалық зерттеулерде ҚД 1 және ҚД 2 кезінде гликемиялық бақылаудың орташа, бірақ клиникалық тұрғыдан мәнді жақсаруын қамтамасыз етеді және қысқа мерзімді қауіпсіздік профилі қолайлы. Перинаталды МБЖ-ның жасушасыз туындылары бойынша доклиникалық деректер паракриндік механизмдердің негізгі рөлін және стандартизацияланған жасушасыз препараттардың перспективалы екенін растайды, бұл рандомизацияланған клиникалық зерттеулерде қосымша растауды талап етеді.

Түйінді сөздер

1 типті қант диабеті2 типті қант диабетімезенхималды бағаналы/стромалдық жасушаларкіндік бауының мезенхималды бағаналы жасушаларыжасушадан тыс везикулаларжасушалық-тіндік терапия
Дәйексөз келтіру үшін
А.М. ГАНИНА, А.Ә. АХАЕВА, А.Ж. ЖУНУСОВ, А.Х. ЖАКУПОВА, О.В. УЛЬЯНОВА, Л.В. КОЗИНА, И.Р.ФАХРАДИЕВ. 1 ЖӘНЕ 2 ТИПТІ ҚАНТ ДИАБЕТІ КЕЗІНДЕГІ ПЕРИНАТАЛДЫ МЕЗЕНХИМАЛДЫ БАҒАНАЛЫ ЖАСУШАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖАСУШАСЫЗ ӨНІМДЕРІ: ЖҮЙЕЛІ ШОЛУ. ҚазҰМУ Хабаршысы. 2025; 75(4). doi: 10.53065/kaznmu.2025.75.4.102