Мұрағатқа оралу
Дәйексөз келтіру үшін
KZ · Шығарылым 4 · 2024
CEREBRA ЖҮЙЕСІНДЕ ТЕРЕҢ НЕЙРОЖЕЛІ МОДЕЛЬДЕРДІ ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, КОНТРАСТСЫЗ КТ-БЕЙНЕЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ ЖЕДЕЛ ИШЕМИЯЛЫҚ ИНСУЛЬТТЕГІ МИДЫҢ ТОҚЫМА ТЫҒЫЗДЫҒЫНЫҢ ТӨМЕНДЕУІН АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ АНЫҚТАУ
Аңдатпа
Кіріспе. Жедел ишемиялық инсульт дүние жүзі бойынша өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Бастапқы нейровизуализацияның стандарты — контрастсыз компьютерлік томография (NCCT), бірақ ерте кезеңдегі ишемиялық өзгерістер («subtle» мидың тоқымасының тығыздығының төмендеуі) визуалды талдауда анықталмай қалуы мүмкін. Осы зерттеудің мақсаты — КТ-бейнелерінен тығыздығы төмендеген аймақтарды автоматты түрде анықтайтын терең нейрожелі моделіне негізделген жүйе жасап, оны «Cerebra» платформасына біріктіру. Материалдар мен әдістер. Зерттеуге жедел ишемиялық инсульт диагнозы расталған 246 пациент (127 ер адам және 119 әйел) кірді. Ерлердің орташа жасы — 58,96 ± 8 жыл, әйелдердікі — 62,15 ± 8 жыл. Барлық КТ-зерттеулер мультиспиральды сканерлерде (Fujifilm, GE, Hitachi, Siemens, UIH) стандартты протоколдар бойынша жүргізілді. Мидың тығыздығы төмендеген аймақтарын автоматты түрде сегментациялау үшін бір-бірімен каскадты байланысқан U-Net үлгілері (әсіресе, EfficientNet B6 энкодерімен) қолданылды; бұл үлгілер үш тәуелсіз рентгенолог растап белгілеген деректерде оқытылды. Алынған нәтижелер Accuracy, Precision, Recall, F1-Score және Коэн Каппасы (Cohen’s Kappa) арқылы бағаланды. Нәтижелер. 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде модельдің дәлдік көрсеткіштері кезең-кезеңімен жақсарғаны байқалды. 2024 жылы Accuracy 92,3%-ға жетсе, F1-Score 96,0%, Recall 92,3%, ал Precision 100% құрады. 2023 жылы Коэн Каппасы 0,80-ге жетіп, сарапшылар бағалауымен жоғары үйлесімділікті көрсетті. Әртүрлі КТ- сканерлерде алынған мәліметтерді талдау нәтижесінде, алгоритм техникалық жағдайлар өзгерген жағдайда да жоғары қайталанғыштықты сақтайтыны (F1-Score 88,8%-дан 100%-ға дейін) белгілі болды. Талқылау. Бұл нәтижелер MNI кеңістігіне келтірілген бейнелерді қалыптандыру, терең нейрожелілердің каскадты әдістерін және үш маманның консенсуспен жасаған сегментациясын бірлесе қолдану ерте ишемиялық өзгерістерді анықтаудың дәлдігін арттыратынын дәлелдейді. Жылдар бойынша жақсарған нәтиже оқыту деректерінің көлемін көбейтуге және үлгі архитектураларын жүйелі жаңартуға байланысты. «Cerebra» жүйесі әртүрлі өндірушілердің сканерлерінде де тұрақты көрсеткіштер көрсетіп, әмбебаптығын танытты. Қорытынды. Қалыңдықтың төмендеуін автоматты түрде анықтауға арналған бұл жүйе жедел ишемиялық инсультті анықтаудағы дәлдікті едәуір жоғарылатып, шешім қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта таңдаманы кеңейту және көпорталықты тексеру бұл шешімді кең ауқымды клиникалық практикада қолдануды қамтамасыз етеді.
Түйінді сөздер
ишемиялық инсультконтрастсыз КТмидың тоқымасының тығыздығының төмендеуітерең оқытуU-NetCerebraавтоматты анықтауерте диагностика
М.САЙФУЛЛАҚЫЗЫ ¹, ², А.С.ЖУСУПОВА ¹, ³, Е.К.ДЮСЕМБЕКОВ ⁴, ⁵, Е.Т.МАХАМБЕТОВ ⁶, Р.М.ҚАСТЕЙ ⁵, Ж.Б.ДЮСЕМБАЕВА ⁵, Ж.Н.САҒЫМБАЕВ ¹, М. К. УМУРЗАКОВА ¹, И.Р. ФАХРАДИЕВ ⁴. CEREBRA ЖҮЙЕСІНДЕ ТЕРЕҢ НЕЙРОЖЕЛІ МОДЕЛЬДЕРДІ ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, КОНТРАСТСЫЗ КТ-БЕЙНЕЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ ЖЕДЕЛ ИШЕМИЯЛЫҚ ИНСУЛЬТТЕГІ МИДЫҢ ТОҚЫМА ТЫҒЫЗДЫҒЫНЫҢ ТӨМЕНДЕУІН АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ АНЫҚТАУ. ҚазҰМУ Хабаршысы. 2024; 71(4). doi: 10.53065/kaznmu.2024.71.4.009