Мұрағатқа оралу
Дәйексөз келтіру үшін
KZ · Шығарылым 1 · 2026
POLYGONUM ЖӘНЕ ACHILLEA ТУЫСТАРЫНЫҢ ӨСІМДІК ШИКІЗАТТАРЫНЫҢ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ–ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРАМЕТРЛЕРІ МЕН САНДЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІН ЗЕРТТЕУ
Аңдатпа
Кіріспе. Фармацевтикада биологиялық белсенді заттардың көзі ретінде дәрілік өсімдіктерге басымдық берілуде. DataHorizon Research болжамы бойынша, фитопрепараттардың әлемдік нарығы 2022 жылғы 192,6 млрд доллардан 2032 жылға қарай 357,1 млрд долларға дейін өседі (жылдық өсім 6,5%). Осы зерттеу аясында Polygonum туысының үш түрі (P. acerosum, P. argyrocoleon, P. aviculare) мен Achillea туысының екі түрінің (A. salicifolia, A. setacea) фармацевтикалық–технологиялық параметрлері мен сандық көрсеткіштері зерттелді. Мақсаты. Осы зерттеудің мақсаты ‒ биологиялық белсенді заттарды экстракциялау және фитопрепараттарды әзірлеу үшін Polygonum және Achillea туыстарына жататын дәрілік өсімдік шикізатының физикалық–химиялық көрсеткіштерін бағалау негізінде олардың фармацевтикалық–технологиялық параметрлерін анықтау. Материалдар мен әдістер. Фармацевтикалық–технологиялық параметрлерді анықтау бойынша салыстырмалы зерттеу жүргізілді. Шикізат 2024 жылғы маусым– тамызда Шығыс Қазақстанда жиналды. Тығыздық, кеуектілік, бос қабат көлемі, сіңіру коэффициенті (су, 30–90% этанол), ылғалдылық, күл мөлшері және экстрактивті заттардың шығымы анықталды. Барлық өлшеулер үш тәуелсіз серияда жүргізіліп (n=3), нәтижелері X \pm SD ретінде ұсынылды. Нәтижелер. Polygonum түрлерінің ішінде ең жоғары кеуектілік пен бос қабат көлемі P. aviculare–де (0,890±0,001 және 0,910±0,001) байқалды, ал экстрагентті сіңіру коэффициентінің ең төменгі мәндері P. acerosum–да байқалды (су үшін 1,00±0,01 мл/г). A. setacea 70% этанолмен (7,54±0,01 мл/г) ең жоғары Kn көрсетті. P. aviculare үшін экстракциялық заттардың ең жоғары шығымы 30% этанолмен 25,3%, ал A. salicifolia үшін сумен экстракцияланған кезде 27,2% болды. Кептіру кезінде салмақ жоғалту 6,01– 6,73% аралығында, тұз қышқылында ерімейтін күл – 4,72–8,51% аралығында болды. Қорытынды. Зерттелген үлгілердің технологиялық параметрлеріндегі түр аралық айырмашылықтар олардың сорбциялық қасиеттері мен экстракция тиімділігіне тікелей әсер етті. Polygonum және Achillea туыстарының жекелеген өкілдерінде жоғары кеуектілік пен айқын сорбциялық көрсеткіштер тіркелді. Көптеген түрлер үшін сулы және 30–50% этанол ерітінділері экстрактивті заттардың максималды шығымын қамтамасыз етті. Алынған деректер экстракт құрамын тереңірек зерттеу мен экстракция процесін ұлғайту үшін негіз болады.
Түйінді сөздер
PolygonumAchilleaдәрілік өсімдіктерөсімдік сығындыларыфармакогнозия
Е.М.СҮЛЕЙМЕН, К.К. КОЖАНОВА, Г.М. КАДЫРБАЕВА, Ф.Е. КАЮПОВА, Ж.Ж. НҰРЫМОВ, Б.Г. МАХАТОВА, А.Б. ДЖАЛГАСБАЕВА, Б.Т. ҚЫДЫРБАЙ, У.М. ДАТХАЕВ, Г.О. УСТЕНОВА. POLYGONUM ЖӘНЕ ACHILLEA ТУЫСТАРЫНЫҢ ӨСІМДІК ШИКІЗАТТАРЫНЫҢ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ–ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРАМЕТРЛЕРІ МЕН САНДЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІН ЗЕРТТЕУ. ҚазҰМУ Хабаршысы. 2026; 76(1). doi: 10.53065/kaznmu.2026.76.1.005