Мұрағатқа оралу
KZ · Шығарылым 1 · 2026

ПРЕГАБАЛИНДІ БИОЛОГИЯЛЫҚ СҰЙЫҚТЫҚТАРДАН БӨЛІП АЛУ ӘДІСТЕМЕСІН ӘЗІРЛЕУ

Аңдатпа

Кіріспе. Жедел улану жағдайларында тиімді шұғыл медициналық көмек көрсету интоксикацияның нақты себебін дәл анықтауды талап етеді. Сот–химиялық сараптама шеңберінде қан плазмасы мен зәр сияқты биологиялық нысандардан уытты затты сәйкестендіру ерекше маңызды, ал талдаудың ең маңызды кезеңдерінің бірі – оны зерттелетін матрицалардан бөліп алу. Мақсаты. Биологиялық сұйықтықтардан (қан плазмасы, зәр) прегабалинді бөліп алу әдісін әзірлеу. Материалдар мен әдістер. Прегабалиннің су ерітінділерінен экстракциясын зерттеу үшін концентрациясы 100 мкг/мл болатын стандартты ерітінділерде сұйықты– сұйықтық экстракция әдісі қолданылды. Прегабалинді биологиялық сұйықтықтардан оқшаулаудың оңтайлы әдістемесін әзірлеу мақсатында әртүрлі жағдайларда су ортасынан экстракциялау бойынша бірқатар тәжірибелер жүргізілді. Әртүрлі полярлықтағы еріткіштерді пайдалана отырып, органикалық еріткіштердің қасиеттерінің экстракция тиімділігіне, сондай–ақ ортаның pH мәнінің прегабалиннің бөлініп шығуына әсері бағаланды. Прегабалинді қан плазмасы мен зәрден оқшаулау әдістемесін әзірлеу тәжірибелері концентрациясы 1, 10 және 100 мкг/мл болатын модельдік қоспалар (зәр және қан плазмасы) негізінде жүргізілді. Экстрагент ретінде 1:1 қатынасындағы бутанол–этилацетат қоспасы сыналды. Нәтижелер. Жүргізілген эксперименттердің нәтижесінде прегабалинді бөліп алудың ең жоғары тиімділігі pH = 5,5 жағдайында бутанол–этилацетат (1:1) қоспасын қолдана отырып, су ортасынан үш мәрте экстракциялау кезінде қол жеткізілетіні анықталды. Аталған жағдайлар оңтайлы деп танылып, прегабалинді қан плазмасы мен зәр үлгілерінен оқшаулау үшін қолданылды. Қорытынды. Зерттеу нәтижесінде қан плазмасы мен зәрден прегабалинді жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы және ультракүлгін детекторлау әдісімен сандық анықтауға арналған сұйықты–сұйықтық экстракциясының оңтайлы әдістемесі әзірленді. Әдістеме келесі көрсеткіштер бойынша валидацияланды: бөліп алу дәрежесі зәрден 63,15%, қан плазмасынан 53,40%, сызықтылық (1–100 мкг/мл), салыстырмалы стандартты ауытқу (қан плазмасы үшін 2,98%, зәр үшін 2,06%), анықтау шегі (LOD: қан плазмасы үшін 0,3 мкг/мл, зәр үшін 0,3 мкг/мл) және сандық анықтаудың төменгі шегі (LLOQ: қан плазмасы мен зәр үшін 1 мкг/мл). Прегабалинді биологиялық сұйықтықтардан оқшаулаудың оңтайлы жағдайлары ретінде pH = 5,5 кезінде бутанол– этилацетат (1:1) қоспасымен үш мәрте экстракциялау анықталды.

Түйінді сөздер

прегабалинсұйықты–сұйықтық экстракцияультракүлгін детекторы бар жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясыбиологиялық сұйықтықтар
Дәйексөз келтіру үшін
Н. ПАРХАТҚЫЗЫ, А.Б. ШУКИРБЕКОВА, З.У. УСМАНАЛИЕВА, К.С. АЛТЫНБЕКОВ, Е.Н. АДИЛЬБЕКОВ. ПРЕГАБАЛИНДІ БИОЛОГИЯЛЫҚ СҰЙЫҚТЫҚТАРДАН БӨЛІП АЛУ ӘДІСТЕМЕСІН ӘЗІРЛЕУ. ҚазҰМУ Хабаршысы. 2026; 76(1). doi: 10.53065/kaznmu.2026.76.1.003