Мұрағатқа оралу
KZ · Шығарылым 2 · 2025

БОСАНУҒА ДАЙЫНДЫҚ ӘДІСТЕРІНІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУЫ

Аңдатпа

Кіріспе. Акушерия және гинекология саласында соңғы жылдары босануға дайындықтың түрлі әдістері қолданылып келеді. Әр әдістің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар.Сонымен қатар, бұл әдістерді өзара салыстыру аса маңызды, себебі жоспарланған босану түрі тікелей әйелдің денсаулығына, жаңа туған нәрестенің жағдайына және босанудың жалпы нәтижесіне әсер етеді. Зерттеудің мақсаты. Жүктіліктің 37-41 аптасында жатыр мойнын жетілдіру үшін қолданылатын преиндукция әдістерінің, соның ішінде механикалық (Фолей катетері), фармакологиялық (Е1 және Е2 простагландиндер) нәтижелерін салыстыру, тиімділігін бағалау. Материалдар мен әдістер. Зерттеу тобына 2024 жылдың қазан айынан-2025 жылдың ақпан айы аралығында Алматы қаласындағы №5 перзентханада(кафедраның клиникалық базасы)Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы клиникалық хаттамасына сәйкес преиндукция және индукция жүргізілген 107 жүкті әйел алынды. Зерттеу проспективті когорттық әдіс арқылы жүргізілді. Уақыттық өлшем ретінде босануға дайындықтың басталуынан баста,босану сәтіне дейінгі аралық алынды.Уақыт күн және сағат бойынша есептелді.Сонымен қатар,кейбір көрсеткіштер апталық жүктілік мерзімімен(гестациялық апта) белгіленді. Зерттеу барысында қиындықтар мен шектеулер туындамады. Жүкті әйелдер келесі топтарды құрды: І-топ простагландин Е1 (мизопростол) пероральды (n=44), ІІ-топ простагландин Е2 (динопростон гель) қынаптың артқы күмбезіне (n=33), ІІІ-топ Фолей катетерін цервикалды өзекке енгізу (n=30) қолданылды(перзентханада Клиникалық хаттамаға сәйкес 3 әдіс жасалынады). Нәтижелері. Босануға дайындық әдістерінің негізгі көрсеткіштері: жүктіліктің мерзімінен асуына бейімделу (жүктілік 41аптасы ± күн): І топ-57%, ІІ топ-76%, ІІІ топ- 66,6% (*р<0.05), жүктілік кезіндегі гипертензиялық жағдайлар: І топ-32%, ІІ топ -15%, ІІІ топ-23,3% (* р<0.05), нәрестенің құрсақ ішілік өсуінің тежелуі: І топ-7%, ІІ топ -6%, ІІІ топ -6,67% (* р<0.05), су аздық: І топ -4%, ІІ топта-3%, ІІІ топ -3,4% (*р<0.05). Тиімділігі бойынша: мизопростол-86,4%, динопростон-88%, Фолей катетері- 90%,Фолей+мизопростол комбинациясы-100 % нәтиже көрсетті. Осы әдістерді қолдану нәтижесінде, ең жиі асқынулар мизопростол тобында анықталды: ұрықтың қауіпті жағдайы (6,8%), босанғаннан кейінгі қан кету (9%) және босану әрекетінің әлсіздігі (6,8%). Қорытынды. Бұл зерттеу барысында жатыр мойнын дайындауда қолданылған простагландин Е2 (динопростон) және Фолей катетері әдістерінің қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденді. Аталған әдістер табиғи жолмен босану көрсеткішін арттыруға оң әсер етіп, кесар тілігі арқылы босанудың жиілігін төмендетудің тиімді тәсілі ретінде қарастырылды.

Түйінді сөздер

ИндукцияпреиндукцияФолей катетерімизопростолдинопростонкесар тілігі
Дәйексөз келтіру үшін
Б.Н.БИЩЕКОВА, Л.К.КАЛИЕВА, Б.К.ЖАРКЫНБЕКОВ, Л.Ж.УМИРОВА, М.Қ.ӨМІРБАЙ, С.Е.НУРЖАНОВА, Д.М.САЙЛАУБАЙ. БОСАНУҒА ДАЙЫНДЫҚ ӘДІСТЕРІНІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУЫ. ҚазҰМУ Хабаршысы. 2025; 73(2). doi: 10.53065/kaznmu.2025.72.2.003