Мұрағатқа оралу
Дәйексөз келтіру үшін
KZ · Шығарылым 4 · 2024
СКОЛИОЗДЫ ТҮЗЕТУДЕ НЕЙРОНАВИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕНІ ЖӘНЕ ИНТРОПЕРАЦИЯЛЫҚ КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФТЫ ҚОЛДАНУ
Аңдатпа
Кіріспе. Омыртқа деформациясының кең тараған түрі, даму себебі анықталмаған идиопатиялық сколиоз болып табылады. Кең тарауына қарамастан, бүгінгі күнге дейін дәрігерлермен қабылданып қалыптасқан жүйелік емдеу әдісі жоқ. Зерттеудің мақсаты. Кеуде және бел омыртқаларының 3-4-ші дәрежелі сколиозы бар науқастарда деформацияны хирургиялық түзету кезінде қолданылатын интраоперациялық компьютерлік томографпен біріктірілген навигациялық жүйені қолданудың нәтижелерін көрсету. Материалдар мен әдістер. Зерттеу барысында медициналық құжаттар, оның ішінде операциялық хаттамалар мен диагностикалық шаралардың нәтижелері сараланды. Алынған деректерді статистиканың сипаттамалық әдістерін қолдану арқылы баяндадық. Зерттеуге Кобб жіктемесі бойынша 3-4 дәрежелі омыртқаның сколиозы немесе кифосколиозы бар науқастар қатысты. Науқастарды іріктеу барысында, тек идиопатиялық омыртқа деформациясы анықталған науқастар ғана кіргізілді, басқа деформациялары анықталған науқастар зерттеуден шығарылды. Барлық науқастардан (олардың ата-анасынан немесе заңды өкілінен) жазбаша рұқсат алынды. Нәтижелер мен талқылау. Омыртқаның сколиозы бар 11 мен 20 жас аралығындағы 37 адамға жасалған операцияның нәтижелерін талдау жүргізілді. Омыртқа деформациясының сколиозды қисығының орналасуы бойынша кеуде бөлімінің омыртқа деформациясы – 21 адамда, кеуде-бел деформациясы – 10 жағдайда, бел бөлімінің деформациясы – 6 науқаста анықталды. Науқастардың орташа жас мөлшері 16,3±2,3 болды. Барлығы 456 транспедикулярлы бұранда орнатылды. Қорытынды. Омыртқаның сколиозды (кифосколиозы) деформациясын түзетуде транспедикулярлық бұрандаларды орнатуда интраоперациялық компьютерлік томографқа кіріктірілген навигациялық жүйелерді қолданудың болашағы үлкен және мүмкіндігі жоғары. Алайда, әдістің қымбат болуына байланысты, еліміздің барлық аумағында қолданысқа енгізу мүмкін емес.
Түйінді сөздер
сколиозомыртқа деформациясын түзетунейронавигация
Д.Ж. ЕСТАЙ, С.С. АБДАЛИЕВ, Д.А. САГИНОВА, Т.А. НАСИМОВ, К.М. ЕЛДАШБАЕВА, Д.Т. БАИТОВ. СКОЛИОЗДЫ ТҮЗЕТУДЕ НЕЙРОНАВИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕНІ ЖӘНЕ ИНТРОПЕРАЦИЯЛЫҚ КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФТЫ ҚОЛДАНУ. ҚазҰМУ Хабаршысы. 2024; 71(4). doi: 10.53065/kaznmu.2024.71.4.002